+7 (700) 4 999 200
+7 (775) 056 02 26
Туған жерге аунату - Мұның мән мағынасы көп. Біріншіден, «сен осы жерде тудың, ұмытпа, перзенттік парызыңды өте». Екінші, «туған жер – ата-анаң, Отаның, оның жақсы қасиеттері бойыңда, ойыңда жүрсін» деген тәлім жатыр. Қалай дегенмен де, халықтың осы әдемі дәстүрінде «Бәрібір сен туған жерге баласың» деген ұлы ұғымды білдіретін, оның отаншылдық сезім - сенімін арттыратын тәрбиелік қызметі өте зор екендігін көру қиын емес.
Аузына түкірту -Аты аңызға айналған, ел таныған ақындар мен шешендер, дуалы ауыз билер мен ақсақалдарға сәбидің аузына түкіртіп алу ежелгі дәстүрлі ырымдардың бірі. Халқымыздың ырымы және сенімі бойынша жоғарыда аталған адамдардың қасиеті мен өнері сәбилер мен жас балаларға қонады деген түсінік болған. Бұл кейін балаға да, оның ата-анасына да әсер еткен және оны мақтаныш тұтқан.
Ашамайға мінгізу - жас бала есі кіріп 5-6 жасқа келгенде оған бәсіре тай тарту етіледі. Егер балаға арналған бәсіре аты үйретіліп, мінуге жарап тұрса, онда баланы соған мінгізеді. Салтанатты түрде үйретілген бәсіре тайға ашамай ерттелінеді. Кейде бәсіре тай белгілі бір себептерге байланысты мінуге жарамаса, баланың өзімен шамалас жуас, жүрісі жайлы, әрі сыр-сымбаты жарасқан кұнан не дөнен таңдалады. Баланың ашамайға мінгізілуі оның өмірінде тіршіліктің жаңа кезеңі басталғандығын білдіреді.
Бастаңғы — қазақ жастарының дәстүрлі сауықтарының бірі. Үйдің үлкендері жолаушылап кеткенде ауылдың қыз-келіншектері сол үйге жиналып, Бастаңғы жасайды.
“Қызға қырық үйден тыйым” деген берік қағиданы ұстанған қазақ қыздары, әдетте, мұндай басқосуға жеңгелерімен немесе іні-қарындастарымен бірге келетін болған. Бастаңғы рұқсатсыз, бақылаусыз өтпеген.
Шілдехана шілделік, шілде күзет – өмірге келген нәрестенің құрметіне жасалатын той.
Бесікке салу - туған-туыстары жиылып, нәрестені бесікке салу дәстүрін өткізеді. «Бесік алып бару» — қазақтың бір жерге келін болып түскен қызы тұңғышын босанғанда орындалатын дәстүрі. Бесіктің жасауын қыздың анасы даярлайды. Оған қоса киетін, зергерлік бұйымдармен дастарқанға қойылатын тәттілерін салып алып барады. Алып барған китінің ішіне тоғыз түрлі заттар салады. Тоғызға бағалы киімнен бастап, ұсақ заттар да кіреді.
Есім қою - туған сәби болашақта сыйлы, құрметті, үлкен адам болсын деген үмітпен ата-анасы жасы үлкен, сыйлы адамға ат қоюға қолқа салады. Жастардың әке-шешесі, ата-әжесі тірі болған жағдайда сәбиге атты солар қояды. Үлкендердің айтқаны бұлжытпай орындалатындықтын, міндетті түрде солар ұсынған ат қойылады. Кейде жастармен келісе отырып, бала есімін үлкен кісілер таңдайды. Балаға есім үш күн ішінде берілуі құпталады.
Баланы қырқынан шығару - дәстүрлі ортада бала дүниеге келгеннен кырқынан шыққанға дейінгі алғашқы қырық күндік «өтпелі кезеңді» қауіпті, қатерлі санап, жаңа туған нәрестені шырақ жағып күзетіп, қасынан адам үзілмей бағады. Бала қырқынан шыққанша «сүт тырнағын», «қарын шашын» алмайды. Қырық күннен аман өткен нәрестені «қарақұлақтанды» деп қуанып, «қырқынан шығару» тойын жасайды.
Тусау кесер - ол үшін арнайы ала жіп дайындалады. Бұл ала жіп аттамасын деген ұғымнан шыққан. Сол жіппен баланың аяғын тұсап, оны жүріс-тұрысы ширақ әйелге қидырады. Сүріншек, жайбасар адамдарға баланың тұсауын кестірмейді. Тұсауы кесілген баланы қолынан ұстап жүгіртеді, шашу шашылады. Баланың ата-анасы тұсау кесушіге кәдесін береді.
Сүндетке отырғызу - қалыптасқан дәстүр бойынша ата-бабаларымыз ер балаларын бес-жеті не тоғыз жасында сүндетке отырғызады. Сүндетке отырғызбас бұрын әрбір ата-ана баласын алдын ала психологиялық тұрғыдан дайындайды. Алдымен "бір, екі. үш, төрт, бес, шүметайымның басын кес!" деп тақпақ үйретеді, "сүндетке отырғаннан кейін ғана сен нағыз жігіт боласың" деп күнделікті құлағына құя береді. Осындай әңгімелерге әбден еті үйренген бала осы бір күнді асыға күтіп, іштей дайын болып жүреді.
Қазақтың салты бойынша - бала ер жетіп, қыз балиғатқа толған шақта әрбір ата-ана «ұлын ұяға, қызын қияға қондыруы» парыз. Қазақта «балиғат» деп 13-ке толған қыз баланың жасын атайды. Ал, осы жастағы ұл баланы «ер жетті» деп атайды. Қазіргі кезде қолданылып жүрген «кәмелетке толу» ұғымы жасөспірімдік шақтың соңы болатын 16-17 жасты белгілейді. Халық түсінігі бойынша жастарды неғұрлым ерте үйлендірсе, жағымсыз қылықтардан аулақ болып, ұрпағы көп, дені сау, мықты болып қалыптасады деген. 13 жастан асқан соң, ісләмның шариғат ережелері бойынша адам пенделік істерге барып, күнәһарлық жасай бастайды деп танылады. Сондықтан, қыз баланы 13-14 жасында, ұл баланы 14-15 жасында үйлендіретін болған. Үйлену салтының осы аталған дәстүрлі бітімі негізінен ХХ ғасырдың орта шеніне дейін Қазақстанның әр жерінде және шет елде тұратын қазақтар арасында некен-саяқ сақталып келді. ХХ ғасырдың соңғы ширегіне дейін жастар 20-25 жас аралығында үйленіп тұрмыс құратын болып келсе, соңғы ондаған жылдар ішінде некелесу 28-30 жасқа дейін ұзарып келе жатқаны байқалуда.
Ілкі замандардан бері қазақтар, бергісі ауыл-аймақ шет-шекарасының тыныштығы, арғысы хандық немесе мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында көрші ру-тайпалар немесе мемлекеттермен туыстық, меймандостық қатынас орнатуға талпынған. Ондайда, «үйірі басқаны ноқта қосады, атасы басқаны неке қосады» және «ұлыңды ұрымға, қызыңды қырымға» деген бойынша неғұрлым алыс жерден қыз алып, қыз берісуді жөн санаған. Оның өзіндік мәні тым тереңде жатады. Ең әуелі, қазақ өз арасында кем дегенде жеті ата араламаған ру ішінде бір-бірінен қыз алысып, қыз берісуге тыйым салуы негізінде қан тазалығы мен осы арқылы ақыл-есі, дені сау ұрпақ өрбіту қамынан туындаған салт қалыптастырған. Сондықтан, шалғай жерлерде туып-өскендердің өзара некелесуінен туған балалардың дені сау, мықты болып өсетінін де қазақ о баста санаға әбден сіңіріп, бұлжымас қағидаға айналдырған. Сондай-ақ, «жер айырылса шым бітейді, ел айырылса қыз бітейді» сөзі айтып тұрғанындай, арада туған түрлі кикілжіңдер түбінде қыз алысып, қыз берісу арқылы шешіліп, мамыражай қалыпқа келуі сияқты жәйттерден қоғамдық өмірде некенің және өмірге ұрпақ әкелуші болашақ ана, қыздың аса зор маңызға ие екендігін байқау қиын емес. Тарих қойнауында осындай жәйттердің көптеп саналатындығынан оқырман қауым хабардар болар деп сенеміз, әрі оларды келтіру арнайы мақаланың да жүгі.
Үйлену салты негізінен құдалық, үйленуге дайындықтар, той және тойдан кейінгі әдет-ғұрыптар сияқты циклдерден құралады. Жалпы алғанда, жекелеген детальдардың өзгерістерге ұшырауын есептемегенде, үйлену салтының сыртқы, дәстүрлі бітімі сақталды деп айтуға болады. Ол өзгерістер мен жаңарулар төменде әр мәселелерге тоқталған тұста өз ретімен аталып отырмақ.
Екі жастың бас қосып, отбасын құруы ежелден қалыптасқан дәстүр бойынша құдаласудан басталады. Қазақтар , әдетте, «тең-теңімен, тезек қабымен» деген қағида бойынша ежелден сыйласатын, аралас-біліс, әлеуметтік деңгейі өзімен шамалас адамдармен құдаласатын болған. Қазақта құда болудың бірнеше түрі болған. Осындай т.б. жағдайларға байланысты құдалықтың «бел құда», «бесік құда» және «қарсы құда» деген негізгі түрлері қалыптасқан.
Бел құда. Өзара таныс-біліс, дос-жаран адамдардың әйелдері бірдей құрсақ көтеріп жүрген болса, ондай адамдар алдын-ала уағдаласатын болған. Яғни, бірінен ұл, бірінен қыз туса достар бел құда атанатын болған. Ал, бірыңғай қыз немесе ұл туса, әке-шешелерінің достығын жалғастырып, жолын бөлісетін болған. Мұны қазақтар «қарғыбау» дейді.
Бесік құда. Балалары бесікте жатқанда кейбір ниеттес адамдардың құдаласуын «бесік құда» деп атайды. Бұлайша құдаласу орташа дәулетті адамдар арасында болып, берілетін қалыңмал мөлшері әдеттегіден едәуір төмен және қалыңмалды ерте бастан-ақ, ақырындап төлеп отырған. Құдаласудың бұл түрі күні бүгінге дейін сақталған деуге боларлық.
Қарсы құда. Бір-бірімен өзара қыз алысып, қыз беріскен қат-қабат құдаларды атаса, қарсы құдалықтың тағы бір түрі – қыз алған жақ қыздың қалыңмалын төлеуге шамасы келмесе, қалыңмал орнына өз жағынан бір қыз берген..